Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы келесі жағдайларда міндетті түрде пайдаланылуы тиіс:
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мынадай орындарда міндетті түрде көтеріледі (тігіледі, орналастырылады):
Қазақстан Республикасының Президенті Резиденциясының, Парламентінің, Сенат пен Мәжілістің, Үкіметтің, министрліктердің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдардың, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың, олардың ведомстволары мен аумақтық бөлімшелерінің, Конституциялық Кеңестің, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты мен жергілікті соттарының, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, мемлекеттік ұйымдардың ғимараттарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасы елшіліктерінің, халықаралық ұйымдардағы тұрақты өкілдіктерінің, сауда өкілдіктерінің, шетелдегі басқа да ресми мекемелерінің, шетелдегі мекемелерінің басшылары резиденцияларының ғимараттарында және сол мемлекеттің протоколдық практикасына сәйкес көлік құралдарында - ұдайы;
Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Парламенті палаталары төрағаларының, Премьер-Министрдің, Мемлекеттік хатшының, Конституциялық Кеңес Төрағасының, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты Төрағасының және жергілікті соттары төрағаларының, Орталық сайлау комиссиясы Төрағасының, Қазақстан Республикасының Адам құқықтары жөнiндегi уәкiлінің, министрліктердің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдардың, Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттік органдардың, олардың ведомстволары мен аумақтық бөлімшелерінің басшыларының, жергілікті өкілді және атқарушы органдар басшыларының, Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелері басшыларының кабинеттерінде - ұдайы;
Қазақстан Республикасының Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің бірлескен және бөлек отырыстары, Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының, Үкіметтің үйлестіру және жұмыс органдарының отырыстары өтетін залдарда, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің отырыс залдарында, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының және жергілікті соттарының сот мәжілісі залдарында, орталық, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың алқа отырысы залдарында, Қазақстан Республикасының мемлекеттік және үкіметтік наградалары тапсырылатын залдарда, Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерінің қабылдау залдарында, сондай-ақ бала тууды және некені тіркейтін үй-жайларда - ұдайы;
мемлекеттік органдардың ғимараттарында алғаш ашылған кезде, салтанатты жағдайда;
егер халықаралық құқық нормалары мен Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделген болса, Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасының Парламенті палаталары төрағаларының, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің және олардың өкілетті өкілдерінің қатысуымен халықаралық форумдар өтетін ғимараттарда немесе үй-жайларда;
ресми адамдар ретінде Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасының Парламенті палаталарының төрағалары, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі мінген теңіз кемелерінде, ішкі жүзу кемелерінде және басқа да қатынас құралдарында;
Қазақстан Республикасында тiркелген кемелердiң бұлқынындағы ту ретiнде - белгiленген тәртiппен;
Қазақстан Республикасының әскери корабльдерi мен кемелерiнде - әскери жарғыларға сәйкес;
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери құрамаларында, бөлімдерінде, бөлімшелерінде және мекемелерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында - Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мерекелері күндерінде, ант қабылдау кезiнде;
мемлекеттік органдар, мемлекеттік ұйымдар, сондай-ақ өзге де ұйымдар өткізетін рәсімдер, салтанатты және спорттық іс-шаралар кезінде;
жалпы орта, кәсіптік бастауыш, кәсіптік орта, кәсіптік жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында - жаңа оқу жылының ашылу және оқу жылының аяқталу рәсімдері кезінде;
Қазақстан Республикасына мемлекеттік және ресми сапарлармен келген шет мемлекеттердің мемлекет басшыларымен, парламенттері мен үкіметтерінің басшыларымен кездесу кезінде.
Қарулы Күштердің әскери құрамаларында, бөлімдерінде, бөлімшелерінде, мекемелерінде және басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда Мемлекеттік Туды пайдалану (тігу, орналастыру) тәртібі жалпы әскери жарғыларда айқындалады.
Ғимараттарға тұрақты тігілген Мемлекеттік Туға тәуліктің қараңғы мезгілінде жарық түсіп тұруға тиіс.
Мемлекеттік Ту басқа да ғимараттарда (үй-жайларда) олардың иелерінің еркі бойынша көтерілуі (тігілуі) мүмкін.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын шет мемлекеттердің, қоғамдық бірлестіктердің және басқа да ұйымдардың туларымен бір мезгілде көтергенде (тіккенде, орналастырғанда) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туының көлемі басқа тулардың көлемінен кіші болмауға тиіс.
Бұл ретте Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы басқа тулардан төмен орналастырылмайды.
Қоғамдық бірлестіктердің және басқа да ұйымдардың тулары Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Туымен бірдей болмауға тиіс.